Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Ақтөбе облысының елді-мекендерін газдандыру және газ тарату жүйелерін жаңғырту» инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысында Алға ауданы Үшқұдық ауылында жеткізуші және ауылішілік газ құбырларының құрылысын аяқтады.  

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының Әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Ермек Қалдығұлов қатысты.   

Үшқұдық ауылын газдандыру барысында 12 км жеткізуші газ құбыры, 14 ШГТП (шкафтық газ тарату пункті), 24,5 км ауылішілік газ тарату желісі салынды. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауылдың 1 мыңнан астам тұрғыны, 237 үй және 4 әлеуметтік нысан көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіледі.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы директорының м.а. Ермек Қалдығұлов «Бұл біздің Компанияның Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жасаған сыйы. Үйлерге газ беріп, тұрғындарға жылу мен қуаныш сыйлай отырып, «ҚазТрансГаз» халықтық компания екенін тағы бір дәлелдеді. Жыл соңына дейін Ақтөбе облысының тағы 8 елді-мекеніне табиғи газ қосылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірдің 30 мыңнан астам тұрғыны, орталықтандырылған көгілдір отын жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. 60-тан астам мектеп, бала-бақша, медициалық мекемелер экологиялық тұрғыдан таза отынмен жылытылатын болады. Бұнымен біздің жұмысымыз аяқталмайды. 2020 жылға дейін қолданыстағы газ тарату жүйелері жаңғыртылып, газ шаруашылықтарындағы ескірген жабдықтар ауыстырылады».

Көгілдір отынның қызығын алғаш көрушілердің бірі, Үшқұдық ауылының тұғыны 86 жасар Жұмасия Әлімова: «Тура Құрбан Айт кезінде ауылымызға газ беріліп жатыр. Осы күнге дейін үйіме газ келеді десе, сенбеуші едім. Енді міне, біз де қалалықтар сияқты газдың қызығын көргелі отырмыз. Қыста көмір жағып, күл шығарып қиналатынбыз. Енді міне, рахат болды, көмір, күлдің шаңы жоқ, тап-таза. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Осындай жақсылықты жасаған Нұрсұлтан Назарбаевқа рахмет, ҚазТрансГаз компаниясына рахмет! Бұған дейін қалада оқып келген балаларымыз ауылдағы қиындыққа шыдамай, қайтадан қалаға кететін. Енді газ келген соң, біз де қалалықтар сияқты өмір сүреміз. Газдың арқасында үйіміз жылы, ыстық суымыз болады. Балаларымыз ауылда қалып, еңбек ете бастайды деп ойлаймын. Сондықтан ҚазТрансГаз басшыларына алғыс айтамыз». 

 Жалпы 2015-2020 жылдарды қамтитын инвестициялық жоба аясында облыс бойынша 287 км газ құбырлары салынады. 2030 жылға қарай өңірдің табиғи газбен қамтылуы 96% құрайды. Қазір Ақтөбе облысында 93 елді-мекен көгілдір отынмен жабдықталады, бұл барлық елді-мекендерін санының 23% ғана.    

 Ақпарат үшін: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының иелігінде 8 аудандық газ шаруашылығы мен ұзындығы 2 156 км газ құбырлары бар. Газды өткізу көлемі - 806 593 м³ және газды тасымалдау көлемі - 1 256 022 м³.

Инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде облыстың газбен қамтамасыз етілу деңгейі артып, шалғай елді-мекендерді газдандыру үшін қажетті инфрақұрылым пайда болады. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығы өсіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жақсарады.