"Қазақстан-Қытай" магистральдық газ құбыры «С» желісінің № 4 және 8 компрессорлық станцияларын пайдалануға беру ресми рәсімі өтті. Осы объектілердің жұмысы «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 20 млрд. текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Барлық үш «А», «В» және «С» желілерінің жиынтық өнімділігі газ тасымалдау жөніндегі заманауи, жоғары технологиялық жабдықтарды білдіретін  барлық компрессорлық станциялардың құрылысы аяқталғаннан кейін жылына 55 млрд. текше м-ге жетеді.

Жаңа компрессорлық станциялар ҚР газ тасымалдау жүйесі үшін «Rolls-Royce» және «General Electric» компанияларының әлемдегі жетекші газтурбиналық және компрессорлық техникасын өндірушілерден алынған инновациялық жабдықпен жарақталған. Орнатылған газ айдаушы агрегаттар «ҚазТрансГаз» АҚ-ның арнайы тапсырысы бойынша орындалған әрі таяу және алыс шет елдерде аналогы жоқ. Инновациялық жабдық, сондай-ақ көмекші жүйелер кешені магистральдық газ құбыры пайдаланылатын бүкіл кезең ішінде қауіпсіз және технологиялық үздіксіз газ тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Бұдан басқа, агрегаттарды әзірлеу кезінде экологиялық құрауышы да ескерілді, компрессорлық станциялар зиянды заттардың атмосфераға барынша аз шығарылуын қамтамасыз ететін құрғақ шығарындыларды басатын жүйемен жарақтандырылған.

Жаңа объектілерді пайдалануға бере отырып, «КазМұнайГаз» ҰҚ АҚ газ тасымалы және маркетинг жөніндегі вице-президенті Қайрат Шәріпбаев: «Отандық газ саласын дамыту мемлекеттік энергия саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің алдымызға экспорттық бағыттарды кеңейту, отандық газ транзитін ұлғайту жөнінде міндеттер қойды. Сондықтан ҚазТранГаз экспорттық газ тасымалдау дәліздерін кеңейтуге, ең озық технологияларды өндіріске енгізуге зор көңіл бөледі, бұл газ магистральдарының ұзақ жылдар бойына іркіліссіз жұмыс істеуіне ғана емес, тасымалдау көлемдерін қажеттілігіне қарай ұлғайтуға да мүмкіндік береді. Мысалы, пайдалануға берілетін компрссорлық станциялар «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының өткізу қабілетін кейіннен ұлғайту мүмкіндігін ескере отырып жобаланған. Яғни 4-ші желі салынған жағдайда жаңа компрссорлық станция салып, оған қомақты ақша жаратуға тура келмейді. Біз барлық бұрмаларды төсеп қойғандықтан, тек жаңа желіні қосу қалды. Бұдан басқа, осы өңірлердің барлық тұтынушыларын газға қосуды қамтамасыз ететін бұрма газ құбырлары көзделген», - деп атап өтті.  

Жаңа бағдарламалық әзірлемелерді қолдану жолымен 4 және 8-компрессорлық станцияларды іске қосу қашықтықтан қатынасу арқылы смартфонның көмегімен жүзеге асырылғанын ерекше атап өткен жөн.

Өткен жылы «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының «С» желісі пайдалануға берілгенін еске саламыз. «С» желісі трассасының бағыты Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары бойынша «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбыры «А» және «В» желілерімен бір техникалық дәлізде өтеді, онда осы өңірлердің тұтынушылары үшін газды іріктеу жүргізіледі. «С» желісінің пайдалануға берілуі арқасында ҚазТрансГаз елдің оңтүстік өңірлерінде жылыту маусымында көгілдір отынның тапшылығы проблемасын толық шеше отырып, импорттық газдан бас тартты.

«С» желісінің пайдалануға берілуі және «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының 3 желісінің жұмыс істеуі – тәуелсіз Қазақстанның тарихында ең ірі халықаралық газ тасымалдау жобасы болып табылады.

АНЫҚТАМА: «Қазақстан-Қытай» МГҚ жалпы ұзындығы 7,5 мың км-ден астам «Түрікменстан — Өзбекстан – Қазақстан — Қытай» трансұлттық магистральдық газ құбырының құрамдас бөлігі болып табылады. «Қазақстан — Қытай» магистральдық газ құбыры «С» желісінің ұзындығы 1303 км. құрайды. «Қазақстан — Қытай» газ құбыры «С» желісінің КС-4 және КС-8 компрессорлық станцияларын салу 2014 жылғы наурызда басталып, 2016 жылғы шілдеде аяқталды. КС-4  Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданы Луговой станциясының кенті маңында орналасқан. КС-8 Алматы облысының Ұйғыр ауданы Шарын кентінің маңында орналасқан. «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының жобалық өнімділігі барлық объектілердің құрылысы аяқталғаннан кейін жылына 55 млрд. текше метрге жетеді.

«ҚазТрансГаз» АҚ-ның Баспасөз қызметі 87172 552316