«ҚазТрансГаз» АҚ Қарғалы ауданының Қосестек ауылындағы көшеаралық және жеткізуші газ құбырының құрылысын аяқтап, 1 500 тұрғынды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етті. Инвестициялық жоба Ұлттық оператордың Ақтөбе облысының елді-мекендерін газдандыру және газ тарату жүйелерін жаңғырту аясында жүзеге асырылды.   

Қосестек ауылын газдандыру барысында 2 блокты газ реттеу пункті, 14 шкафты газ реттеу пункті, 32 км жеткізуші газ құбыры мен 22 км жуық көшеаралық газ құбыры салынды. Бұл нысандар ауылдың 1 500 тұрғынын, 460 тұрғын үй мен 29 коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысанды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Салтанатты шарада сөз алған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары тұрғындарды ауыл өміріндегі айтулы оқиғамен құттықтады. «Облыс қарқынды дамып келеді. Ал даму осындай ауылдардан басталады. Бүгінгі оқиға барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Бүгін ҚазТрансГаз компаниясы аса маңызды нысанды іске қосты. Бұл ауылдың өсіп-өркендеуіне себеп болады деп сенемін».

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев компанияның биылға жоспарлаған жұмыстары толығымен орындалып келе жатқанын атап өтті. «Биылға жоспарланған Ақтөбе облысын газдандыруға қатысты барлық жұмыстар жүзеге асырылып, аудан орталықтары толықтай табиғи газға қосылды. Алдағы уақытта Қосестек секілді өзге де кішігірім елді мекендерге де газ тартылады».

Жиын соңында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры бірнеше тұрғынға үйді газдандыруға арналған сертификат табыс етті.

Инвестжобаларды жүзеге асыру кестесіне сай, газ және газбен қамту саласындағы Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ 2030 жылға қарай Ақтөбе облысының 96% тұрғынын табиғи газбен қамтуды жоспарлап отыр.

"ҚазТрансГаз" АҚ – Қазақстанның газ және газбен қамту саласындағы Ұлттық операторы. "ҚазТрансГаз" АҚ Компаниялар тобына газ өндіретін және оның өнімдерін тасымалдап, жеткізумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.  

 «ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі

Тел: 8(7172) 55 23 16