Астанада «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына Еуропалық сапаны басқару қорының (European Foundation for Quality Management, EFQM) «Танылған Кемелділік» 4-ші деңгейдегі сертификатын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.  

Еуропалық қор шешімі компания қызметінің EFQM талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізілген бақылау аудитінің қорытындысына сай шығарылды. «Танылған Кемелділік» EFQM сертификаты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өз қызметінде Еуропада таралған сапаны басқару стандарттарына сай болуға ұмтылысын растайды. Кәсіпорын әлемге әйгілі BMW, BOSCH, Coca-Cola секілді брендтер құрамына кіретін үздік еуропалық ұйымдардың тізіміне енгізілді.  

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ – Қазақстан Республикасындағы «Танылған Кемелділік» 4-ші деңгейдегі EFQM сертификатын еншілеген тұңғыш өндірістік Компания.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ соңғы жылдарда жүйелі түрде сапаны, экологиялық аспектілерді және өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқаруға қатысты тиімді интеграцияланған жүйе құрып, халықаралық менеджмент стандарттарын енгізді. Компания иеленген ISO 9001,14001 және OHSAS 18000 халықаралық сертификаттары осының айғағы болып табылады.

«ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ сапа менеджментін бағалауды EFQM өкілетті асессорлары (сарапшылары) өткізді.

Олар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен оның өндірістік филиалдарының жұмысын  - стратегия, персонал, серіктестік және ресурстар, процесстер, өнімдер мен қызметтер, тұтынушыларға арналған нәтижелер, персоналға арналған нәтижелер, қоғамға арналған нәтижелер, бизнестің басты нәтижелері деген қор әзірлеген әдістемеге сәйкес 9 өлшем бойынша зерттеді және талдады.

Ақпарат үшін: 

Ұйымдастырушы әрі жүлденің құрылтайшысы – Еуропалық сапаны басқару қоры (European Foundation for Quality Management, EFQM). Қор бизнестің тиімділігін арттырып, кемелділікке ұмтылған 750-ден астам серіктестің басын біріктіріп отыр.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Танылған Кемелділік» 1-ші деңгейдегі EFQM сертификатын 2013 жылы иеленді. Содан бері жыл сайын өз қызметін одан әрі жақсартуға тырысып келеді.

«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі. Тел:  +7(7172)55 23 16