Қазақстанның газ саласының ардагерлері қоғамдық ұйым түріндегі ардагерлер Кеңесін құрды. Кеңестің филиалдары Астана мен Алматы және еліміздің 8 өңірінде жұмысын бастады. Ұйым салаға еңбегі сіңген, әркез өз тәжірибелерімен бөлісуге даяр ардагерлердің құқығын қорғау және жас буынға қолдау көрсету мақсатын көздеп отыр.   

Газ саласының маманы болу әркез жауапкершілікті, үлкен қажыр-қайрат пен біліктілікті талап етеді,-дейді сала ардагерлері. Олар Кеңес дәуірінің ең алып құрылысы саналған газ тасымалы жүйесін салды, Еуропа мен Азияны жалғаған Ұлттық газ құбыры желісін қалыптастыруға атсалысты. Ал, жаңадан құрылған Кеңес осынау ардагер буынға қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерін шешуге, ең бастысы бай тәжірибелерін жас мамандарға табыстауына ықпал етпек.

Бағдат Алдабергенов, «ҚР газ тасымалы саласы ардагерлерінің Кеңесі» ҚБ Ақтөбе филиалының директоры   

«Бұл өз ісіне өте мұқият, адал ниетті адамдардың шоғыры деген болар едім. Өйткені, білікті ардагер ағалар арқылы газ саласының беделі асқақтап, мәртебелі мамандығымыздың да мерейі арта түседі деп санаймын».   

Владимир Лехман,  «ҚР газ тасымалы саласы ардагерлерінің Кеңесі» ҚБ Батыс Қазақстан  филиалының директоры           

«Қазір еңбек демалысындағы ардагерлердің осы салада жиғаны өте көп. Кейінгі буынға берері мол болғандықтан, әркез көрген-білгені мен түйгенін жастармен бөлісуге даяр тұрады. Сондықтан, олардың бай тәжірибесін орнымен пайдалансақ, ұтылмайтынымыз анық».

Бүгінгі таңда газ тасымалы саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алыс ауылдарға көгілдір отыны жетіп, жұртшылықтың мол қуанышқа кенелгенін жиі көріп жүрміз. Оңтүстік өңірлердің тұрғындары биыл алғаш рет жылыту маусымын импорттық газсыз өткізді.

 

Владимир Лехман,  «ҚР газ тасымалы саласы ардагерлерінің Кеңесі» ҚБ Батыс Қазақстан  филиалының директоры           

«Соңғы 2-3 жыл бедерінде ұзындығы 3 мың шақырымға созылатын «Бейнеу- Шымкент» көлемді газқұбыры салынды. Осылайша, біз көздеген мақсатымызға жеттік, нәтижесінде батыстағы газымыз оңтүстік өңірлерге, соның ішінде Алматыға дейін жеткізу мүмкіндігіне ие болдық».   

Оңтүстікке батыстан газ жеткізу – бірнеше буын арман еткен маңызды жетістік еді дейді ардагерлер. ҚазТрансГаз компаниясы соңғы жылдары жүзеге асырған осындай стратегиялық шешімдер шын мәнінде атап өтуге тұрарлық еңбек. Және ең бастысы,  газ саласының бұл табыстары халқымыздың игілігіне айналып, көпшілікті жылу мен қуанышқа бөлеп отыр.

Ақпарат дереккөзі «24KZ» телеарнасы