Лого

Комсомол ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жобасы аясында автоматты газ реттеуші 1 станция, газ реттеуші 1 пукнт, 78 шақырымға созылған газ құбыры, шкафтық газ реттейтін 64 пункт , 104 шақырым ішкікварталдық газ тарату желілері құрылысы жүргізілді. Бұл нысандар ауылдағы 6700 тұрғынды от жағу бейнетінен құтқарды, яғни, 2200 жеке үй мен 122 коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысандар енді газбен жылытылатын болды.
Ауылға газ беру салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиевтер қатысты. Ауылды газдандыру жобасы жергілікті әкімдік пен аталған акционерлік қоғам арасындағы меморандумға сәйкес жүзеге асырылды.
— Мемлекет Басшысының тапсырмасына сай, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл сайын елді мекендерді сумен, газбен қамту мақсатында бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Мемлекеттік қолдау мен «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы ұлттық операторы көмегінің арқасында жыл аяғына дейін облыстағы аудан орталықтарының барлығы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі, ал бірнеше жыл ішінде барлық елді мекенге газ барады, — деді ауыл тұрғындарының қуанышымен бөліскен аймақ басшысы.
Аталған компания жыл аяғына дейін тағы екі автоматты газ реттеуші станцияны іске қосып, Ойыл, Ырғыз, Талдысай, Еңбек, Қосестек, Аққұдық, Алтынды ауылдары мен «Юбилейный» тау-кен байыту комбинатына көгілдір отын жеткізбек.
Ақтөбеде елімізде тұңғыш рет «АГРС 300» автоматты газ реттеуші станция салынып жатыр, бұл облыс орталығын газбен қамту жүйесін одан әрі жетілдіре түседі. А. Тәжіғалиевтің айтуынша, компания қолдауының арқасында биыл тағы 30 мың ақтөбеліктің экологиялық отынды қолдануға мүмкіндігі болады. Жалпы алғанда 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық жоба аясында 287 шақырым газ құбыры құрылысы салынады, нәтижесінде 2030 жылға дейін облыстың газбен қамтылу көрсеткіші 96 пайызға жетеді.