ЛогоТәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол ауылына газ барды. Газдандыру жұмыстары аясында автоматтандырылған газ тарату станциясы, газ реттеу бекеті салынып, 78 км құбыр тартылды. Сонымен қатар, 104 шақырым көшеаралық газ құбыры жүргізілді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
 

Ақтөбе облысының тағы бір ауданы газдандырылды. «ҚазТрансГаз» АҚ «Ақтөбе облысының елді мекендерін газдандыру және газ тарату жүйесін жаңарту» инвестициялық жобасы аяқталып, қазір ауыл халқының алғашқы легі көгілдір отынды пайдалана бастады. Газ тарату бекетін іске қосу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ауыл халқын біткен іспен құттықтады.

 

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қандай да бір қиындықтарға қарамастан халықтың тұрмысын, жағдайын жақсарту саясатын жүргізіп келеді. Елді мекендердегі тұрғындарға ауыз су, газ, жарық, жылу беруді ұйымдастыруды тапсырды. Өздеріңіз сол тапсырманың қалай орындалып жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрсіздер. Әйтеке би ауданының халқына көптен күткен газ беріле бастады. Бұл – мемлекетіміздің экономикасының дамып, Мемлекет басшысы өз халқының алдында берген уәдесінің орындалып жатқанын айғақтайды», - дейді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Оның айтуынша, облыс тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 88 пайызға жетті. 2020 жылға қарай «ҚазТрансГаз» АҚ қолдауымен облыс тұрғындарының 98 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.

 

«Бұл – біздің компанияның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған сыйы. Компания облыстың тағы 30 мың тұрғынына ең қолайлы әрі экологиялық таза отынды жеткізіп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 ауылға газ барады», - дейді «ҚазТранГазАймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев.

Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарына жалпы құны 1 миллиард 150 миллион теңге жұмсалды. Ауылға жеткен газ құбырын алғашқылардың бірі болып Құсайыновтар отбасы кіргізді. Отбасының келіні Дина Дабылованың айтуынша, бұрын жыл сайын 150 мың теңгеге қатты отын алып, от жағып, күл шығаратын. Қазір бұл бейнеттің бәрі артта қалып, жылуға жұмсалатын қаржы екі есеге қысқарды.