Лого

Қазақстанда Қазақстан-Қытай магистральдық газ құбырының «С» желісінің №4 және №8 компрессорлық станциялары ресми түрде пайдалануға берілді.

Еске сала кетейік, Қазақстан-Қытай магистральдық газ құбыры жалпы ұзындығы 7,5 мың км-ден астам «Түрікменстан — Өзбекстан – Қазақстан — Қытай трансұлттық магистральдық газ құбырының құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақстан — Қытай магистральдық газ құбырының «С» желісінің ұзындығы 1303 км құрайды.

Қазақстан — Қытай газ құбырының «С» желісінің КС-4 және КС-8 компрессорлық станцияларының құрылысы 2014 жылғы наурызда басталып, 2016 жылдың шілде айында аяқталды. КС-4 Жамбыл облысында, КС-8 Алматы облысында орналасқан.

«Осы нысандардың жұмысы «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 20 млрд текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Барлық үш «А», «В» және «С» желілерінің жиынтық өнімділігі барлық компрессорлық станциялардың құрылысы аяқталғаннан кейін жылына 55 млрд текше метрге жетеді», - деп хабарлады Энергетика министрлігінде.

Жаңа компрессорлық станциялар ҚР газ тасымалдау жүйесі үшін «Rolls-Royce» және «General Electric» компанияларының әлемдегі жетекші газтурбиналық және компрессорлық техникасын өндірушілерден алынған инновациялық жабдықпен жарақталған. Бұдан басқа, агрегаттарды әзірлеу кезінде экологиялық құрауышы да ескерілді, компрессорлық станциялар зиянды заттардың атмосфераға барынша аз шығарылуын қамтамасыз ететін құрғақ шығарындыларды басатын жүйемен жарақтандырылған.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның газ тасымалы және маркетинг жөніндегі вице-президенті Қайрат Шәріпбаев пайдалануға берілетін компрессорлық станциялар «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының өткізу қабілетін кейіннен ұлғайту мүмкіндігін ескере отырып жобаланғанын айтты.

«Яғни, төртінші желі салынған жағдайда жаңа компрессорлық станция салып, оған қомақты ақша жұмсауға тура келмейді. Біз барлық бұрмаларды төсеп қойғандықтан, тек жаңа желіні қосу қалады. Бұдан басқа, осы өңірлердің барлық тұтынушыларын газға қосуды қамтамасыз ететін бұрма газ құбырларын қосу көзделген», - деп мәлімдеді Қ. Шәріпбаев. 

Жаңа бағдарламалық әзірлемелерді қолдану жолымен №4 және №8 компрессорлық станцияларын іске қосу қашықтықтан қатынасу арқылы смартфонның көмегімен жүзеге асырылғанын ерекше атап өткен жөн.

 «С» желісінің пайдалануға берілуінің арқасында ҚазТрансГаз елдің оңтүстік өңірлерінде жылыту маусымында көгілдір отынның тапшылығы мәселесін толық шеше отырып, импорттық газдан бас тартты.