Лого

Ойылдықтар аудан орталығына көгілдір отынның келуін салтанатты жағдайда атап өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.

Газ — Тәуелсіздіктің тартуы!

«Ақтөбе облысының елді мекендерін газдандыру және газ тарту жүйелерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы Ойыл ауданының орталығы Ойыл ауылындағы көшеаралық және жеткізуші газ құбырының құрылысын аяқтады. Ойыл ауылын газдандыру аясында 1 автоматтандырылған газ тарту станциясы, 1 блокты газ реттеу пункті, 92 шақырымнан астам жеткізуші газ құбыры, 59 шкафты газ реттеу пункті, 77 шақырым көшеаралық газ құбыры салынған. Бұл нысандар ауылдың 6 мың тұрғынын, 871 тұрғын үй мен 59 коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысандарды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы облыс бойынша 2015-2020 жылдарды қамтитын инвестициялық жоба аясында 287 шақырым газ құбыры салынбақ. Ал 2030 жылға қарай өңірді газбен қамту деңгейі 96 пайызға жетеді.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтап, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылату мақсатында барлық іс-шаралардың қабылданып жатқанын айтты.

— Бүгін ойылдықтар үшін есте қалатын тарихи күн. Ойыл қанша жыл аудан болғалы, бұл өңірде газ болған емес. Елбасы тапсырмасына сәйкес, қандай қиындықтар болмасын, біз халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылату мақсатында барлық іс-шараларды  қабылдап жатырмыз. Соның бір көрінісі — Ойылға көгілдір отын жеткізілді. Жыл сайын ауылдық жерлерде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға аз қаражат бөлінбейді. Ұлттық оператор болып есептелетін «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының арқасында аудан орталықтарын газдандыру жұмыстары әрмен қарай жалғасады. Бұл компания мен облыс әкімдігі арасында келісілген меморандум бар. Сол меморандумның арқасында алдағы үш жылда жалпы Ақтөбе облысындағы халықты газбен қамтамасыз етуді 92-94 пайызға жеткізуіміз керек. Тек қана Ойылға ұзындығы 115 шақырымдық газ құбырын тарту үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы есебінен құны 2,6 миллиард теңге қаражат жұмсалды.

Ойылға көгілдір отынның келуі аудан экономикасына өз әсерін тигізеді. Газ болып, шығын азайғаннан кейін, бұл өңірге кәсіпкерлер көптеп келіп, ауданның экономикасын дамытуға, халықтың жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосады деп ойлаймыз. Себебі, Ойылға облыс орталығынан келетін жақсы жол, орталықтандырылған су бар.   

Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне біздің облыста барлық аудан орталықтары газдандырылады. Бірнеше жылдан кейін көгілдір отынды барлық елді мекен тұрғындары тұтынатын болады, — деді Бердібек Машбекұлы.

Өңір басшысының айтуынша, газ құбыры бойында орналасқан елді мекендер де көгілдір отынға қосылуы тиіс. Ол үшін ең бірінші кезекте газ құбырының бойында орналасқан, болашағы бар елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету шарасы қолға алынбақ. Өз сөзінде өңір басшысы ауданда әлі де шешімін таппай тұрған мәселелерді атады. Соның бірі — бүгінгі күнге дейін пешпен жылытылып отырған, қамыстан салынған мектептердің жайы. Келер жылы Ойылдағы Ақкемер, Шұбарши ауылдарында 150 орындық екі мектептің құрылысы басталып, білім беру нысандары жаңа оқу жылында іске қосылатынын айтып,  жергілікті тұрғындарды тағы бір мәрте қуантты.

Мерекелік шарада «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры, ойылдық азамат Аманжол Тәжіғалиев өз орынбасарларының «Ойылға газ жетті» деген хабарын анасына айтқанында, кейуананың «Ойпырмай, Ойылға да газ жетті ме?!» деп қуаныштан көзіне жас алғанын, анасының сәлемін жеткізіп, жерлестерінің қуаныштарымен ортақтасты.

— Ойылға газ тарту — ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының үлкен жобаларының бірі. Бұл компания тек облыста емес, еліміздің өзге өңірлерінде де жоспарлары мен жобаларын жүзеге асыруда. Мұның барлығы Осы компанияның  арқасында биыл Ақтөбе облысының тағы 30 мың тұрғыны көгілдір отынды тұтынатын болады, — деді А.Тәжіғалиев.