Лого

Ақтөбе облысының Ойыл ауданына газ барды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында шалғай жердегі 6 мыңнан астам тұрғынға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сый жасады. Инвестициялық бағдарлама аясында 115 шақырым қашықтыққа газ құбырын тарту, бірнеше газ реттеу бекетін салу жұмыстарына 2,6 миллиард теңге жұмсалды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Жарығы бар, суы тартылған, жолы салынған Ойыл ауданы үшін бұған дейін көгілдір отын тапшы дүние еді. Кеше ғана бұл қажеттіліктің орны толып, «ҚазТрансГаз» АҚ автоматтандырылған газ тарату станциясы, блокты газ реттеу бекеті мен шкафты газ реттеу бекетін салып, 92 шақырым жеткізуші газ құбырының құрылысын тоқтаусыз жүргізді. Алдағы уақытта Ойыл ауданы орталығының 6 мың тұрғыны мен 60-қа жуық коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысаны бағасы арзан көгілдір отынға қол жеткізеді.

«Бұл – ойылдықтар үшін тарихи, есте қалатын жыл. Бұған дейін Ойылда газ болған емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қандай да бір қиын кезең болғанымен біз халықтың жағдайын, тұрмысын күннен-күнге жақсартуымыз қажет деп тапсырма берді. Міне, соның бір айғағы Ойыл ауданына газ беріліп жатыр. Келісімге сәйкес «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бар жұмысты атқарды. Халық атынан алғыс айтамыз. Газ алып келу үшін ұзындығы 115 шақырым құбыр тартылып, 2,6 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Бәрі газ жеткізуші компания есебінен жасалды. Алдағы уақытта газ құбыры жүргізілген жолдағы ауылдарға да газ құбырын тарту жоспары тұр. Ең бірінші кезекте үлкен, болашағы бар ауылдарға газ тартамыз. Меморандумға сәйкес алдағы үш жылда Ақтөбе облысы халқын газбен қамтамасыз етуді 92-94 пайызға жеткізуіміз керек»,- дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 2015-2020 жылдар аралығында 287 шақырым газ құбыры тартылады. Мұның бәрі инвестициялық жоба. Сөйтіп, 2030 жылға дейін облыс халқының 96 пайызы көгілдір отынды пайдаланып, қаржы үнемдейді.

«Облыстың елді мекендерін газдандыру үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бір саласы Ойыл ауданы. Аудан орталығына келген газ халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, бизнестің дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның ел егемендігінің 25 жылдығына арнаған тартуы. Газ экологиялық таза, үнемді. Көмірден 4-5 есе арзан. Енді пайдалану жолын білу керек. Дабыл жүйесін қондыру маңызды»,- дейді компанияның облыстық филиал директоры Аманжол Тәжіғалиев.

Алғаш болып газды тұтынғандардың бірі – Құрмашевтар отбасы. Бұған дейін күндіз электр тоғын пайдаланып, кешкілік көмір жағып, үйін жылытқан Майра Бүркітова қиындықтың артта қалғанына қуанды.

«Ауылға газ келді. Бұрын от жағып, күл шығаратын едік. Жұмысымыз бір сатыға болса да жеңілдеп жатыр. От жаққан уақытымызды бала тәрбиесіне, жұмысқа арнаймыз. Қазір бәрі жақсы, бәрі дайын. Бұрын үш тонна көмір, тезек, электр тоғын пайдаланатын едік. Бәрін қосқанда, ай сайын 40-50 мың теңге шығын шығатын. Ал газ үнемді, бейнетіміз азайды», - дейді ол.

Ал көпбалалы Мергеновтер отбасына газ таратушылар демеушілік жасап, барлық қызметті тегін көрсетті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға ауданның аз қамтылған, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен он отбасыға дәл осындай қамқорлық танытып, рұқсат қағазын тегін беруге, қазандықты ақысыз қондыруға ұсыныс жасады.

Айта кетейік, қараша айында Ырғыз ауданына газ барады. Ақтөбе облысының барлық аудан орталығы жыл соңына дейін газбен қамтамасыз етілмек.