Лого

Жамбыл облысында кешегі дауылдан кейін зақымданған газ құбыры қалпына келтірілді, деп хабарлайды Baq.kz.

Естеріңізге сала кетейік, Байзақ ауданында дүлей дауылдан құлаған ағаш орта қысымды газды зақымдаған болатын. Соның салдарынан Түймекент, Айман-төбе, Диқан, Жеңіс елді мекендері мен «Здоровье» саяжай бірлестігіндегі 1,5 мың адам газсыз қалды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы мен «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» магистралдық газ құбырлары басқармасы қызметкерлерінің күшімен згаз құбыры қалпына келтіріліп, аталған елді мекендердегі әлеуметтік нысандар түнде түгелдей газға қайта қосылды. Өзге аудандарда апатты жағдай тіркелген жоқ. Облыс орталығында да газ тоқтатылмады.

«ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Тараз қаласында газ тасымалдау жүйесі жаңғыртылғаннан кейін газ үш сатылы жүйемен беріледі. Соның арқасында қалада зақымданған газ құбырларын жөндеу кезінде тұрғындар «көгілдір отыннан» қол үзген жоқ.