ЛогоТәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «ҚазТрансГаз» АҚ еліміздің газ тасымалдау жүйесінің тарихында бұрын-соңды болмаған теңдессіз жобаны жүзеге асырды.  Ұлттық оператор Жамбыл облысында сығымдау компрессорлық станциясын іске қосты. Бұл көгілдір отынды түрлі қысымдағы құбырлардың бірінен екіншісіне айдауға мүмкіндік береді.  Жаңа нысан жылына 6 миллиард текше метр газ жөнелтуге қауқарлы. Соның нәтижесінде компанияның өнімді экспорттау және тасымалдау мүмкіндігі артады.  «Ақыртөбе» газ айдау станциясы «Бұхар ауданы-Ташкент-Бішкек-Алматы» және «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырларының түйіскен тұсында салынған.  Құрылыс «ҚазТрансГаз» компаниясының өз қаражаты есебінен жүргізілді. Жаңа станция елімізде өндірілетін отандық газды шетелдерге эспорттауға жол ашып отыр.   Мұхатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары  -Жылына екі агрегат 4 миллиард 700 миллиондай жібереді. Егеменді елге мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне, Қазақстанның газдан өзін қауіпсіздендіруіне және де мүмкіндік алуға, экспортқа шығаруға осындай тапсырмалар қойылған. Сол тапсырмалар бүгін орындалып отыр.  Сондай-ақ жаңа станция оңтүстік өңірлерді отандық газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе тұтынушысы көп Алматы қаласы мен Алматы облысы енді көгілдір отыннан тапшылық көрмейді.  Газды Қырғызстан аумағы арқылы тасымалдаудың да енді қажеті болмайды. Ал ондаған жамбылдық тұрғын бұл нысанда екі қолға бір күрек тапты. Бұның барлығы ұлттық оператордың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасаған тартуы.  Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі -Мына соғылып жатқан компрессорный станцияның өзі 3 жылға жоспарланған. Оны 1 жыл 8 айда орындап отыр. Қазір мұнда 60 адамға жұмыс орындары ашылмақ. Сол себептен бұл біздің экономикамызға, облыстың экономикасына үлкен үлес қосады деп отырмыз.   Сала мамандарының айтуынша, бұл нысанның іске қосылуы Қазақстанның Орталық Азия газ тасымалдау нарығында жетекші рөл атқаруына мүмкіндік береді. Ең бастысы, отандық энергетикалық қауіпсіздік қамтылады. Авторлары: Нұржан Мергенбай, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә