Хабар (ТВ): 21.02.2014

Ғалымдардың айтуынша, Қарағандыдағы көмір шахталарында шамамен 1,66 триллион текше метр метан қоры бар. Табиғи газды тиімді пайдалану арқылы тұрғындарды көгілдір отынмен қамтып, электр қуатын өндіруге болады. Бүгін «ҚазТрансГаз» компаниясының бас директоры Серік Сұлтанғали мен Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісімге қол қойды. Сөйтіп, аталған компания жақын күндері метан газын игеруді қолға алмақ.

Қазіргі күні Қарағанды өңірінде барлығы 12 шахта жұмыс істейді. Жер қойнауындағы «қара алтынды» қыр басына шығаратын кеншілер үшін ең қауіптісі - метан газы. Сондықтан, табиғи газды игеру ең әуелі шахталардағы еңбек қауіпсіздігін арттыруға сеп болмақ, әрі одан электр қуатын өндіріп, халықты жаппай көгілдір отынмен қамтамасыз етуге болады, - дейді кенді өңірдің ғалымдары.

Серік Сұлтанғали, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры:
- Орталық Қазақстанға, Астанаға, ар жағында Бурабайға, Қарағанды өңіріне, тіпті, экспортқа шығаратындай көлемде газ қоры бар. Әрине, оның барлығын ғалымдармен бірге мұқият қарау керек. Содан кейін тікелей жұмысқа кірісейік деген өзіміздің ойымыз бар.
  Ғалымдардың айтуынша, Қарағандыдағы көмір шахталарында шамамен 1,5 триллион текше метрден астам метан қоры бар. Бұған дейін бұл табиғи газдың біраз бөлігі қазандықтарды жылытуға отын ретінде қолданылып келсе, қалған бөлігі ауаға жіберілетін. Енді «ҚазТрансГаз» компаниясы игі жобаны қаржыландырып, метан газын игеруді қолға алмақ. 

Николай Дрижд, Техника ғылымдарының докторы:
  - Бұл жобаға еліміздегі ең ірі компанияның бірі - «ҚазТрансГаз» мекемесінің көңіл аударғанына біз аса қуаныштымыз. Олар біз ұсынған бұл тың жобаны ұзақ уақыт зерттеді, оның мүмкіндіктерін саралады. Енді жақын арада іске қоспақ. 
   Бұл күні «ҚазТрансГаз» компаниясы мен Қарағанды облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісімге қол қойылды. Тараптар геологиялық барлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тереңірек жүргізіп, табиғи газды ел игілігіне жаратуға уағдаласты. Игі жұмыс ағымдағы жылы басталмақ.