Хабар арнасы, 23 желтоқсан

Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры арқылы 500-ден астам елді мекен  газдандырылады. Еліміздің батысындағы кен орындарынан шығарылған  қазақстандық көгілдір отын қызығын алғаш болып, Түркістан қаласы көре бастады. 

250 мыңнан астам тұрғыны бар, еліміздің  тарихи-рухани ордасы бұл қуанышты  жарты ғасырдан астам күтті. Ұзындығы 1 мың 477 шақырым болатын газ құбыры  алдымен өз халқымызды сапалы отынмен қамтамасыз етіп, одан кейін барып өнімді  Қытай нарығына экспорттауға мүмкіндік бермек. Елу жылда ел жаңа. Өткен ғасырдың сонау 60-шы жылдары басталып, аяғына дейін жеткізілмеген газ құбыры тәуелсіз еліміздің газ саласындағы ұлттық операторы «ҚазТрансГаз» компаниясының жүйелі жұмыстары нтижесінде іске  қосылды. Жалпыұлттық телекөпір барысында Түркістан халқы Елбасына  ризашылықтарын жеткізді. Рахман Салыұлының отбасы қуанышқа кенелгендердің  қатарында.

Рахман Салыұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Бұрын келіндеріміз, әйелдеріміз әбіржіп, қолдары күйе болып, отын жарып,  балаларымыз жүретін еді. Міне, Құдайға шүкір, газ келіп, газды жағып, қуанып, бала-шағамен шай ішіп, қуанып отырмыз. Осы қуанышымыздан айырмасын! 

Серік Сұлтанғали, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры:

- 500 ауыл, қалалардың арасында бірінші бұйырып тұрған Түркістан болып тұр.  Сондықтан, осы қасиетті жер Түркістаннан бастадық. Ең маңыздысы, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасы Елбасының өзінің тікелей қолдауымен,  тапсырмасымен келе жатқан жұмыс, әлі аяқталған жоқ. Жылдан жылға газдың  көлемі көбейе береді. Компрессорлық стансалар көбейгеннен кейін 16-шы жылы 10 млрд текше метр газға дейін болады. 

Түркістан қаласында 40 мыңнан астам жеке және көпқабатты тұрғын үйлер,  300-ден астам әлеуметтік нысандар, көптеген кәсіпорындар бар. Соңғы жылдары  туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Жалпы көгілдір отын тұтыну көлемі  жылына 100 миллион текше метрді құрайды. Жоспар бойынша шаһарды газбен  қамту төрт кезеңмен жүзеге асып, 2014 жылы 7 мың абонентті іске қосу межеленіп отыр.