26.09.2014 20:00 Үмітжан Жапар

Күні кеше Алматы қаласында 2 автомобильдік газ толтыру компрессорлық стансалары пайдалануға берілді. Бұл – қала бойынша салынған бесінші газ толтыру стансасы.

Көлікті табиғи газбен жүргізу бір жағынан экономикалық тұрғыда тиімді болса, екіншіден, экологиялық тұрғыда таза. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы «Автогаз-Алматы» қала әкімдігі және оңтүстіккореялық «KOLON» компаниясымен бірлесе отырып ашқан  газ толтыру компрессорлық стансалары шаһар қазынасының қаржысын үнемдеп қана қоймай, әсем қала экологиясының жақсаруына ықпал етеді. 

Ашылу рәсіміне келген «Қаз­ТрансГаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Серік Сұлтанғали газ толтыру бекеттерінің ашылуы атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықты төмендетуге бағыт­талған кешенді жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасымен қала экологиясын жақсарту мақсатында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Біз білетіндей бір газ толтыру бекетінің экологияға тигізетін пайдалы әсері 35 мың көшет отырғызумен тең. Жалпы, Үкіметтің арнайы қаулысы бойынша, ел аумағында 85 газ толтыру бекетін салу туралы шешім шығарылған. Солардың алғашқылары Алматы қаласында салынып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, сұранысқа орай, олардың саны да арта бермек. Бұл қаланың экологиялық ахуа­лының жақсаруына үлкен жәрдем. Екін­ші жағынан, басқа отын түрлерімен салыстырғанда, газдың болашағы зор. Газдың бағасы бензиннің құнынан әлдеқайда төмен. Табиғи газ Амангелді газ кенішінен тасымалданады. Уақыт өте келе қоғамдық көлік емес, жеке көлік те 100 пайыз табиғи газға көшеді деп ойлаймын, – деді Серік Сұлтанғали. 

Бүгінде қаладағы компрессорлық стансалар табиғи газбен жүретін 450 жолаушылар автобусы, 33 тазалық тех­ни­касы мен 500 шақты жеңіл автокөлікке қызмет етеді екен. Бұл бензинмен жүретін көліктермен салыстырғанда, теңізге тамған там­шыдай ғана. Дегенмен ма­мандар табиғи газдың болашағы зор деп тұжырымдайды. Жанармайдың құны үздіксіз өсіп тұрған кезде, табиғи газ көлік иелері үшін өте тиімді болмақ. Мәселен, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 128 теңге болса, газдың 1 текше мерті 44 теңгені құрайды. Оның үстіне алдағы 4 жылда газдың бағасы тұрақты болады. Газбен жүретін көліктің қарасы көбейген сайын, газ толтыру бекеттеріне деген сұраныс та арта бермек.

Өз сөзінде қала әкімі Ахметжан Есімов: – Ең бірінші – зиянды қал­дықтардың 80 пайызын шығаратын автокөліктерді экологиялық таза отынға көшіру. Осы орайда «КазТрансГаз Өнімдері» ком­па­ния­сымен келі­сімшартқа қол қойылып, 2017 жылға дейін газдың бағасы тұрақты болу мәселесі шешілген. Осы келісімшартқа сәйкес, газдың бағасы бензин мен дизельден 40 пайызға төмен болады. Сондықтан ол қай жағынан алсақ та тиімді. Бұл салынған бесінші бекет. Жыл соңына дейін тағы да екеуі ашылады. Қазіргі заман талабына сай, соңғы технологиямен жабдықталған. Дегенмен біздің алдымызға қойып отырған мақ­сатымыз – қоғамдық көлікті ғана емес, жекеменшік автокөліктерді де газға көшіру. Егер жеке сектордағы көліктердің барлығы газға көшсе, қала ауасының тазалығы едәуір жоғары болады. Мұндай нысандар қаламызда көп болуы қажет, – деді. 

Өйткені экологиялық таза отынды пайдаланудың артуына Үкімет те мүдделі болып отыр. Осы мақсатта жеке секторды газдандыру, қаладағы ЖЭС-терді газға көшіру жұмыстары жүргізілуде.  

Мамандар табиғи газды сұйытылған көмірсутегі газдары – пропан, бутан­дар­мен шатастырмау қажеттігін айтады. Табиғи газ жер қойнауынан табиғаттың өзі тудырған таза күйінде өндірілсе, пропан мен бутандар мұнай өңдеу кезінде алынады. Соңғысының сапасы бензин, дизель отындарымен бірдей. Ал табиғи газ ең таза отын саналады. Әлемде табиғи газды моторлы отын түрінде пайлану соңғы он жылда 7 есе өскен. Яғни 2003 жылы  бұл көрсеткіш 5,4 млрд текше метр болса, 2012 жылы оның көлемі 37 млрд тешке метрді құраған. Ал Иран, Қытай, Пәкстан, Үндістан және Аргентина секілді елдерде табиғи газды қалалық көліктен бөлек, ауыл шаруашылығы және карьерлік техни­када пайдаланады.  

Қала бойынша газ толтыру бекет­тері жүйесін дамытып отырған «Қаз­ТрансГаздың» еншілес компаниясы «Автогаз-Алматының» бизнесті дамыту басқармасы бастығының орынбасары Асылбек Батталхановтың пікірінше, әзірге табиғи газбен жүретін көліктің қарасы аз болғанымен, бұл бастамасы ғана.

– Табиғи газ құрғақ келеді. Сы­ғымдалған табиғи газдың пропан мен бутаннан айырмашылығы – зиянды қалдықтары екі есе аз және қауіпсіз. Сұйытылған газ күннің суығында қатып қалса, табиғи  газбен ондай мәселе туындамайды. Оның үстіне, сұйытылған газды ауыр жүк көліктерінде пайдалана алмайсың. Жыл сайын Қазақстанда 25-30 млрд текше мерт табиғи газ өндіріледі. Сәйкесінше, ел аумағында 85 газ толтыру бекеті толықтай жұмыс істеген күннің өзінде, оның 1-1,5 па­йызын ғана пайдаланатын болады, – дейді маман. 

«ҚазТрансГаз» компаниясы өкіл­де­рінің айтуынша, 2011 жылдан бері автомобильдік газ толтыру компрессорлық стансалары арқылы 40 миллион текше метр газ өндірілген. Бұл көрсеткіш 32,8 мың тонна дизель отынының орнын жаба алады. Жанар-жағармай нарығында қалыптасқан жағдай табиғи газдың тартымдылығын арттыра түсуде. Құн тұрғысынан бір ұтса, шығын жағынан бензин мен дизельмен бірдей. Көлікті газға ауыс­тырсаңыз, «көп отын жейді» деп уайым­дамайсыз.

Алайда қазіргі кезде қоғамдық кө­ліктен бөлек, табиғи газбен жүретін же­кеменшік жеңіл автокөліктердің саны саусақпен санарлық. Өйткені бензин «жейтін» көлікке газ отынын пайдалану құрылғысын қою көлік иесіне қымбатқа түседі. Сондықтан жеке көлік иелерінің табиғи газға көшуін ынталандыру үшін «Алматы» ӘКК жанынан микроқаржы ұйымы ашылып, ол көлігін газға кө­шір­гісі келген автокөлік иелерін қар­жыландыратын болады.

 

Тек Алматы қаласы ғана емес, АГТКС желісін ел бойынша дамыту мәселесі «ҚазТрансГаз» компаниясының биылғы жоспарында тұр. Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент қалаларында компрессорлық стансаларының жобалары дайын.  Сондай-ақ аймақтарда жергілікті атқарушы органдармен автокөліктерді табиғи газға көшіру бойынша келіс­сөздер жүргізіліп жатыр.