Қазақпарат

Бүгін Алматы облысы Талғар ауданындағы Талғар АГРС-3 алаңында «Алматы облысының газдандыру бағдарламасы» мен «Өңірлік газдандыру сызбасын» іске асыру шеңберінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғалиұлының қатысуымен салтанатты түрде газды іске қосу рәсімі өтті.
«Алматы-Байсерке-Талғар» магистральдық құбыр өткізгішінің құрылысы 2010 жылдың басында басталды. Оның ұзындығы - 64,4 шақырым, жобаның жалпы құны - 7,8 млрд. теңге. «Алматы-Байсерке-Талғар» құбыр өткізгішінің 380 мың халқы бар 60-тан астам елді мекенді жылына өнімділігі 2,4 млрд. текше метр газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Алматы қаласының газбен жабдықтау жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндігі бар. Келешекте ол 600 мың адамға жетпек.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың соңына дейін Талғар қаласы, Өтеген батыр кенті, Байсерке ауылы, Пакровка т.б. сияқты алғашқы газ тұтынушыларды қосуға мүмкіндік бар.
«Облысты газдандыру үшін салынып жатқан ұзындығы 264 шақырым «Алматы-Талдықорған» магистральдық газ құбырынан облыстың солтүстік аудандарының елді мекендерін газдандыру жобасын іске асырудың маңызы зор», - деп хабарлады факельді салтанатты түрде жағу рәсімі алдында облыс әкімі Амандық Баталов.
Бірінші кезеңде қосымша Талдықорған қаласы мен 6 ауданды газбен жабдықтау, екінші кезеңде құрылысты Үшарал қаласына дейін жалғастыра отырып, қалған Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын қамту жоспарлануда.
Бұл 430 мыңнан астам халқы бар 172-ге жуық елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан-Қытай» транзиттік магистральдық газ құбыры ерекше маңызға ие. Одан Еңбекшіқазақ, Панфилов және Ұйғыр аудандарының 94 елді мекендерін газдандыру жоспарлануда.
Жобаның жалпы құны «ҚарТрансГаз» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен 11 млрд. теңгені құрайды. Шамамен барлығы 700 шақырым газ құбыры тартылды.