Қазақпарат

Автор: ҚАНАТ МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ

Алдағы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы 52 елді мекенде тұратын 55 мыңнан астам тұрғын табиғи газдың қызығын көрмек. Аталған шара бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Серік Сұлтанғали қол қойған өзара әріптестік туралы меморандумда қамтылып отыр. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Тоқтала кететін жайт, салтанатты шара барысында №18 «Шалдар» автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталып, алғашқы газ құбыры дәнекерленген.
«Қос тарап қол жеткізген меморандум аясында облыстағы Бәйдібек, Созақ аудандарын газбен қамтуға қатысты мәселелер тиімді іске асырылмақ. Мәселен, облыс әкімдігі құрылыс жүргізу үшін қажетті құжаттамаларды дайындаса, «ҚазТрансГаз» АҚ 2015 жылдың соңына дейін «Бейнеу-Шымкент» магистральдық газ құбырының 1365-шақырымында «Шалдар» автоматты газ тарату стансасының құрылысын жүргізеді. Бұдан бөлек, аудан орталығы Шаян елді мекеніне дейінгі 32 шақырымдық аралықта газ құбыры да компанияның есебінен тартылады», - делінген баспасөз баянында.