egemen.kz

«ҚазТрансГаз» АҚ Түркістанда тағы 400 үйге газ қосты

IMG_5159

Оңтүстік Қазақстан облысындағы көне қала – Түркістан тұрғындарына тұрмысты жеңілдететін жақсы тарту жасалды. Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында отандық газ саласының ұлттық операторы – «ҚазТрансГаз» АҚ-тың еншілес кәсіпорны – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері Түркістан қаласындағы тағы 400 үйді табиғи газбен қамтыды.

Күні кеше «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық компаниясы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының бойында орналасқан елді мекендерді газбен қамту жөніндегі бекітілген жоспар-кестенің аясында Түркістан қаласындағы 2 мыңнан астам отбасы тұратын төрт жүз үйге газ кіргізді.

Айта кетерлігі, өңірді газбен қамту жұмыстарын жүзеге асыру барысында заманауи технологиялар қолданылады. Кәдімгі жұрттың көзі үйренген темір құбырдың орнына мұнда техногендік әсерлерге аса төзімді полиэтиленнен жасалған құбырлар жер астынан тартылуда. Бұл, ең алдымен газ желілерінің қауіпсіздігін арттырады және қала көшелерінің архитектуралық келбетіне нұқсан келтірмейді. Газ құбыры құрылысына қатысты мұндай инновациялық шешім компанияның жаңа техникалық саясатының жемісі.

Бүгінге дейін Түркістанды газбен қамтуға қатысты құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарының аясында қала аумағында 18 шкафтық реттеу пункттері мен газ реттеуші бекеттер, газ қысымын реттейтін 1 бекет және қосымша газ реттейтін екі пункт орнатылды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың Оңтүстік Қазақ­стан өндірістік филиалы директорының орынбасары Қайрат Әуезов атап өткендей, қала әкімдігі мен филиал басшылығы арасында қаланы газдандыру мәселелері бойынша қол қойылған меморандум аясында биылғы жылдың наурыз айынан бері қалаішілік газ құбырларын салу жұмыстары жүргізілді. Газдандыру алдымен Түркістандағы Бекзат шағын ауданындағы тұрғын үйлерден бас­талды. Газ кіргізуге тұрғындардан 1754 өтініш келіп түссе, қазір 15 көшенің абоненттері, 443 үй көгілдір отынды пайдаланып отыр.

«Биылғы жылдың соңына дейін Түркістан қаласында тағы 638 үйге газ кіргіземіз. Қазір газға қосылуға дайын тұрған үйлердің саны 1081 үйді құрайды, бұл дегеніміз қаланың шамамен 5 мың тұрғыны газбен қамтылады деген сөз. Құбырлар тарту, тұрғын үйлерге газ қосу сияқты құрылыс-монтаж жұмыстарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың тапсырысы бойынша бас мердігер «НС Люкс» ЖШС атқаруда», деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалы дирек­торының орынбасары Қайрат Әуезов.

Сондай-ақ, жаңа жыл қарсаңындағы осынау қуанышты жаңалыққа орай сыйлық ретінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшылығы Түркістан қаласының тұрғыны Балауса Айтбаеваға «Гретта» маркалы газ плитасын сыйға тартты. Өйткені, балаға деген мейірімі ерекше Балауса Айтбаева екі бірдей жетім баланы өз қамқорлығына алып, мәпелеп тәрбиелеп отыр екен.

2013 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырынан бөлініп, Түркістан қаласына тартылатын құбыр құрылысын көздейтін ірі инвестициялық жобасын жүзеге асырды. Өңір үшін маңызы зор жоба аясында ұзындығы 22 шақырымға созылатын жоғары қысымды газ құбыры салынды. Құбырмен бірге қуаты сағатына 100 мың текше метрді құрайтын автоматтандырылған 1 газ тарату стансасы мен газды реттейтін 2 бекет орнатылды.

Бұған дейін компания еліміздің оңтүстік өңіріндегі Мақтаарал ауданының елді мекендерін де ауқымды түрде газдандыруды қолға алған болатын. Бірер күн бұрын сол ауданның Мырзакент кентіне газ берілгенін де айта кету керек.

Айдын ОЛЖАЕВ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.