Syr boyi

Елбасының тапсырмасымен жүзеге асқан маңызды жобалардың ішінде «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасының алар орны ерекше. Бұл жоба 2004 жылы қолға алынды. Ел қазынасынан қомақты қаражат бөлініп, қаланы газдандыру құрылыстары жүргізілгені қалың елдің көз алдында. Нәтижесінде газтурбиналық станса пайдалануға берілді. Алдыңғы кезекте шаһардың көпқабатты және жеке сектордағы тұрғын үйлері, коммуналдық-тұрмыстық мекемелер, кейін шағын және орта бизнес нысандары ілеспе газға қосылуға мүмкіндік алды. Біздегі газ бағасының ел бойынша ең төменгі бағаны құрауы да тұрғындардың әлеуметтік деңгейінің жақсаруына, яғни, отын сатып алуға кететін шығындардың азаюына әкелді. Міне, биыл сапалы әрі арзан көгілдір отынды тұтынғанымызға он жыл толыпты. Осы тұста қала аумағының өсіп келе жатқанын да естен шығармаған жөн. Соңғы жылдары жаңа шағын аудандар бой көтерді. Сондықтан да шет аймақтарды газдандыру тұрғындардың өтініш-ұсынысы бойынша әлі күнге жалғасуда. Қазір Қызылорда қаласын газдандыру деңгейі 92 пайызды құрап отыр.

Ал облысты кешенді газдандырудың І кезеңі биылғы жылы басталды. Бұл мүмкіндікке Елбасының тікелей тапсырмасымен басталған «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы аяқталған соң қол жеткіздік. Батыстан бастау алған құбыр 2014 жылы іске қосылды. Байтақ еліміздің оңтүстігіндегі қалың көпшілік үміт артып отырған «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырының жобасы – инвестициялық стратегиялық жобалар тізбесіне енгізілгенін, сондай-ақ оның 2010-2014 жылдарға арналған еліміздің Индустрияландыру картасына енген аса маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі екендігін атап өткен жөн. Осылайша, Қазақстанның батысын шығыспен жалғаған құбыр іске қосылған соң облыстың елді мекендерін газдандыру жұмысы қолға алынды. Мұнан бұрын облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында меморандум жасалып, газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 23 млрд теңге қаражат бөлген болатын. Жағымды жаңалық, осы қомақты қаражат жыл соңына дейін игеріліп, 4 аудан орталығы мен Байқоңыр қаласы жыл соңында газбен қамтылатын болды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда облыстық өндірістік филиалы директорының орынбасары Қайнар Нұрлыбаевтың айтуынша, елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қазіргі күні 70 пайызы орындалған. Жалпы, ҚР газдандырудың бас сызбасына сәйкес аймағымыздағы елді мекендерді газдандыруға барлығы 13 автоматтандырылған газ тарату стан­сасының (АГТС) құрылысын салу қарастырылып отыр.

Биыл Байқоңыр және Арал қалалары мен Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері магистральды газ құбырына қосылған кезде ондаған мың тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады. Мамандардың айтуынша, аймақ тұрғындары өтінішті өкілдікке қазірден бастап берулері керек.

Облыстық энергетика және комму­налдық шаруашылық басқармасы басшы­сының орынбасары Асылбек Шәменовтің айтуы бойынша, М.Шоқай, Қамыстыбас, Төреңөзек, Ақсуат, Бесарық және Ақеспе елді мекендеріне АГТС орнату және магистральды газ құбырынан газ құбыры бұрыпының құрылысын жүргізуге және Жақсықылыш кентін газдандыру бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін облыс қазынасынан 356 млн қаржы бөлінген. Қазір осы құжат әзірлену үстінде. Қалған аудан орталықтарын газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен облыстық, республикалық бюджет есебінен жүргізілетін болады. Атап айтсақ, Жосалы кентінде АГТС орнатуға және оны магистралды газ құбырына қосуға жобалық құжат дайындалып, ол Энергетика министрлігіне жолданды. Жалағаш және Тереңөзек кенттері бойынша да жобалық құжаттар әзірленуде. Сызбаға сәйкес Жалағаш және Сырдария аудандарына 1 АГТС орнату қаралған.

Бұған қоса, жалпы құны 15 млрд тең­гені құрайтын Жосалы, Сексеуіл, және Тереңөзек-Жалағаш кенттеріндегі АГТС құрылысы мен аталған елді мекен­дерді қала­ішілік газ құбырларының құры­лыстарын «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ ин­вес­­тициялық қаржысы есебінен жүргізу көзделуде. Бүгінде облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ арасында жұмыстар жасалуда. Сала мамандары облысты кешенді газдандырудың алғашқы кезеңі – 2015-2017 жылдары аралығында 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтады. Бұл – алғашқы кезеңнің өзінде аймақ халқының 70 пайызы газбен қамтылады деген сөз. Ал, облыстағы өзге елді мекендерге көгілдір отын жеткізу мәселесі газдандырудың ІІ кезеңінде толық шешімін табатын болады. Айта кетейік, біздегі барлық елді мекендердің 85 пайызы осы магистральды газ құбырының бойында орналасқан. Оның үстіне газдандыру мәселесіне облыс басшылығы айрықша назар аударып отыр. Ал магистральды газ құбырынан алыс орналасқан ауылдарға көгілдір отын жеткізіп берудің тиімді жолдары қарастырылып жатыр. Бұл туралы және газдандырудың өзге де мәселесі жайлы сәрсенбі күні «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында өткізілген брифингте кеңінен айтылды.

БАҚ өкілдерінің сауалы­на облыс­тық энергетика және коммуналдық шаруашылы­ғы басқарма басшысының орынбасары Асылбек Шәменов пен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ Қызылорда облыстық өндірістік филиалы директорының орынбасары Қайнар Нұрлыбаев жауап берді.