kaztransgas.kz

Өткен аптада облыста алғашқы болып Жаңақорған кенті көгілдір отынға қосылған еді. Бейсенбіде кезек Шиелі ауданына келді. «Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру» инвестициялық жобасы аясында кентте автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) іске қосылды. Шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Серік Естай қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған аймақ басшысы аудан тарихындағы айрықша оқиғаға орай көпшілікті құттықтады. Қырық мыңға тарта тұрғыны бар ірі елді мекеннің бірі – Шиелі кентін газдандыру жобасына байланысты«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан ұзындығы 17 шақырымдық құбыр тартылды. Осы науқанның барысында орталық газ тарату станциясы мен қоса 4 газ тарату пункті, 29 шкафтық газ тарату пункттері және 270 шақырым ауылішілік газ құбырлары салынды. Мұның бәрі Елбасының әлеуметтің әлеуетін арттыру, халықтың тұрмысын жақсарту тапсырмасына сай атқарылып жатқан шаруалар.

– Облыста мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдар үлесінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны іске қосылса, облысымыздағы құрылыс салу жос­пары қысқа мерзімде 8 есеге өсті. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Ақбұлақ» бағдарламасы қарқынды жүргізіліп келеді. Келер жылы облыс орталығына Қызылжарма су ұңғымасы арқылы таза ауыз суы берілетін болады. Кезінде 41 Еңбек Ері шыққан Шиелі ауданында үстіміздегі жылдың өзінде Талаптан аулында 900 орындық мектеп, Сұлутөбе, Төңкеріс ауылдарында 250 және 150 орындық мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Тағы да екі ауылда жаңа типтегі мектептер салынып жатыр. Енді Шиелі жұртшылығы экологиялық залалы жоқ, экономикалық шығыны аз көгілдір отынды пайдаланатын болады. Жуық арадағы жылдары облыстың басым бөлігі осы мүмкіншілікке қол жеткізеді. Бұл орайда ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ-ның айрықша еңбегі бар. Бірлескен жоба бойынша келер апталарда аймағымыздың солтүстігіндегі аудандарда көгілдір отынның игілігін көретін болады, – деген облыс әкімі аталмыш жетістіктің бәрі елдегі сарабдал саясат нәтижесінің жемісі екендігін айтты.

Өз кезегінде «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Серік Естай алдағы ауқымды жобалардың орындалу барысынан хабардар етті. Осы жоба аясында «Бейнеу-Бозой» аралығындағы 310 шақырымдық газ құбырын тарту аяқталса, «Бозой-Шымкент» аралығындағы 1110 шақырымдық құбырды салу қарқынды атқарылып жатқандығын мәлім етті. Шиелі ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов тұрғындар атынан алғысын арнады.

Осы шара барысында кент тұрғыны Ардақ Айтуаровтың үйіндегі маздаған көгілдір отынның жылуын сезінген көпшілік газ құбырын үйлеріне ертерек кіргізуге белсенділік танытып жатыр.