kaztransgas.kz

Қасиетті Бәйдібек би, Домалақ ананың ізі қалған аймаққа көгілдір отын жетті

Алдын ала сәл озып айтсақ, «Бей­неу – Бозой – Шымкент» магистраль­ды газ құбырының «Шалдар» автомат­тандырылған газ тарату стансасын іске қосу рәсімінде «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев «газ келді дегенше, жаз келді десеңізші» деген сөз айтқан.

Өзі айтқандай ауылда өскен, апа-әпке­лерінің тезек, сосын көмір жа­ғып пеш басында алау-далау болып жүрге­нін көрген азамат табиғаты қаталдау осы өңірдегі аналардың басындағы жағдайды дөп басты.

Сол күні түнде басталған жауын кү­ні бойы аспан асты тесілгендей сорға­лады да тұрды. Алайда, кейде екпіндеп, селдетіп те алатын жаңбыр көгілдір отынды сан ондаған жылдар күткен халықтың көтеріңкі күйіне оншалықты әсер ете қойған жоқ.

Газ беруге және газ алауын жағуға орай өткен салтанатты шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов және «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев, мердігер ұйымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аталған жобаны іске асыру, авто­мат­тандырылған газ тарату стан­­сасы (АГТС) және «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистральды газ құбыры­нан оған тар­тылатын газ құбырын салу «Қаз­ТрансГаз» АҚ-тың өз қаража­ты есе­бінен жүзеге асырылды. Газ құбы­рының жалпы ұзындығы 32 ша­қырымды құрайды.

Салтанатты жиында Ұлттық опе­ра­­тор ҚазТрансГаздың басшысы тұр­ғындарды көгілдір отынның келуімен құттықтап, ендігі жерде оңтүстік өңірді газбен жабдықтау ісінің тарихи кезеңі басталғанын атап өтті.

– Біз бұған дейін газ мәселесінде көр­ші мемлекеттерге тәуелді болып кел­дік. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, олар кейде көгілдір отынның бағасын қымбаттататын, кейде бер­­мей де қоятын. Енді ондай тәуел­­діліктен кеттік. «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистральды газ құбы­­рының 2-ші кезеңі – 311 шақырым­дық «Бейнеу – Бозой» бөлігі іске қосыл­ғалы 7 млрд. текше метр газды оңтүс­тікке тасымалдау мүмкіндігі туды. Мұ­ның бәрі Елбасымыздың энергети­калық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытын­дағы алысты болжаған сындарлы саяса­тының жемісі.

Ал облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы 2020 жылға дейін көгілдір отынның Шаян – Созақ бағытындағы таралу аймағын елді мекендер бойынша таратып берді. Енді от жағу мәселесінде тұрмыстық қиындықтардан құтылатын ауыл тұрғындарын құттықтады.

Ұлы Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деп келетін әйгілі өлеңінен үзінді келтірген Қайрат Шәріп­баев «ауыл тұрғындары да қала­лық­тардан кем емес тұрмыс кешуге тиіс», деп атап өтті. Компания жұмысының әлеуметтік салмағы үлкен болатыны да сондықтан. Отын тасып, от жағу қар­баласы басталған қараша айында газ бері­луі­нің өзі ел еңсесін кәдімгідей көтеріп тастағаны анық.

«Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «ҚазТрансГаз» АҚ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, республиканың өңірлерін газдандыру жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде. Ал, бүгінгі іс-шара соған толықтай айғақ болмақ. Бәйдібек ауданын газдандыру жөніндегі жоба­ның маңызды экономикалық мәні бар. Біз айтылған уәделі уақытта, яғни дәл жы­лыту маусымы басталған кезде көп­тен күткен табиғи газ бердік. Енді осы үл­кен ауданның 52 елді мекенінде тұра­тын 55 мыңнан астам адам алғаш рет ең ыңғайлы отын түрін пайдалануға мүмкіндік алды», деді ол.

АГТС-тың өткізу қабілеті өте жоға­ры, сондықтан ол Бәйдібек ауданының барлық елді мекендерін ғана емес, сондай-ақ, көршілес жатқан 50 мың тұрғыны бар ірі Созақ ауданының да қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

Компания газ құбырының бойында орналасқан өнеркәсіптік объектілерді және елді мекендерді газдандыруды жалғастырады. Атап айтқанда Жамбыл облысының Жаңатас және Қаратау қалаларын да газдандыру көзделуде.

Бүгін елімізде бар газ магистральдарын бірыңғай ішкі желіге қосқан «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбыры іске қосылғаннан бастап, осы магистральдың бойында орналасқан 500-ден астам елді мекен­ді газдандыру мүмкіндігі туып отыр. Ең бас­тысы, осы магистраль іске қосыл­ғаннан бастап, Қазақстан еліміздің батыс өңірінде өндірілетін отандық газға толығымен көшті.

Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Тілес Арынбеков осы жақ­сылықтардың басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрғандығын тілге тиек етті. Қасиетті Бәйдібек, Әзірет Қаратау өңірі Кеңес Одағы кезінде ең артта қалған аудандар санатына жататын еді. «ҚазТрансГаз» Әулие Бәйдібек, аналардың пірі Домалақ ананың ізі қалған өңірге көгілдір отын әкелді. Бұл біздің мемлекетіміздің кемелденуінің белгісі, деді.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкі­мі Бейбіт Атамқұлов бастаған қонақ­тар аудан орталығында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Бейсенбек Игісіновтің шаңырағындағы көгілдір отын берілу шарасына қатысты.

Бейсенбек Игісінұлы 1924 жылы 5 мамырда Қосақжар селолық советіне қарасты Тұрмыс колхозында (қазіргі Таңатар) дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы қаржыгер-экономист, Ле­нин­­град қаласындағы қаржы-эконо­микалық институтын бітірген.

1942 жылы қыркүйек айында Қы­зыл Армия қатарына шақырылып, Ка­линин, Балтық теңізі, Кенисберг бағыт­тарындағы майдандарда соғысқа қатыс­қан. Майданда көрсеткен ерліктері жо­­ғары бағаланып орден, медальдармен ма­­рапат­талған. Қызметті істей жү­ріп қо­ғамдық жұмысқа белсене қатыс­ты. 1993 жылы аудандық ардагер­лер кеңе­сінің төрағасы қызметіне сай­лан­ған. 2002 жылы аудандық билер алқасының төбе биі болып сайланды. Осы қызметті бүгінгі күнге дейін атқарып келеді. Халыққа еңбегі өткен ақсақалдың отбасына көгілдір отын тегін кіргізілді.

Шаян ауылының тұрғындары айтулы мерекеге айрықша дайындалыпты. Аудан әкімі Батырбек Көшербайдың іскерлік қабілеті айқын танылады. Сәу­летті ғимараттар күрделі жөндеуден өт­кен. Жып-жинақы. Шашау жатқан дү­­ние жоқ. Көшелер түгелге жуық абат­тан­ды­рылған. Жаңбырдың шелектеп құйғандығын айттық. Сонда да орталық алаңға жиналған көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі. Ел аузында «Ақмаржан» атанып кеткен әнші, осы ауылдың тумасы Заттыбек Көпбосынұлы арнайы қалқада екі ән айтқаннан кейін төмен түсті.

– Айналайын, ағайын. Алланың бар күні жақсы. Ауданымызға газ келіп жатқанда Алланың нұры жауып тұр. Суық. Түсінемін. Бірақ, осындай ұлы жиында жаңбырдан қорқып би билемеуге бола ма?! Келіңіздер, салтанатымызды асырайық, елдің қуанышын бөлісейік, – деді. Ақ кимешекті, оюлы бешпент киген әжелер әншіні ортаға алып биледі. Жаңбырды елеген ешкім жоқ. Өйткені, көптен күткен көгілдір отын үйге кірді, баяғы мехнат артта қалған. Елбасының тапсырмасы алыс аймақтарда осылай орындалып жатыр.