kaztransgas.kz

«ҚазТрансГаз» ел тарихындағы ірі халықаралық газ тасымалдау жобасын іске қосты

Осы аптада ел экономикасындағы ең маңызды оқиғалардың қатарына ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Қазақстан – Қытай» магис­тралды газ құбырының «С» желісін пайдалануға бергенін қосуға болады. Бұл оқиға энергетикалық және өңірлік әріптестік саласындағы ірі халықаралық жобаның қорытындылаушы кезеңі еді. Осылайша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Қазақстан тарихында ірі газ тасымалдау жобасы жүзеге асты.

Осынау айтулы сәтте екі мем­ле­кеттің, яғни Қазақстан мен Қытай­дың БАҚ өкілдері жолға шығып, Алматыдан шалғайда жатқан алып кешеннің іске қосыл­ғанына куә болды. Дүйсенбі кү­ні мерекеге дөп келген салтанатты шара қай қы­­­рынан алып қарасақ та «ҚазТрансГаз» тарапынан абырой­­мен ат­қа­рыл­ған аса өзекті тап­сыр­ма бол­­ғаны ақиқат.

Мына жаһан қазір табиғи ресурстар үшін таласып, қырғи-қабақ болып жатқан заманда Қа­зақстан айналасындағы көрші­лерімен қай кезде де көкейкесті болып келген көгілдір отын мәсе­лесін тату жолмен шешуі шынында да терең саяси мәнге де ие.

Тағы да айта кеткен жөн. «Қа­­зақ­стан – Қытай» магистралды газ құ­­бырының «С» желісін пай­да­лануға беру және осы газ құбырының барлық 3 желісінің жұмыс істеуі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі халықаралық газ тасымалдау жобасы болып табылады. Маңызды экономикалық және геосаяси мәнге ие бұл жоба Түрікменстанды, Өзбекстанды, Қазақстан мен Қытайды «достық көпірімен» жалғап, Елбасының интеграциялық саясатымен үн­десті. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев энергоресурстарды жет­кізудің жаңа тиімді бағыттарын құруды және олардың бағыттарын әртараптандыруды тапсырған болатын. «ҚазТрансГаз» АҚ бұл міндетін орындады деуге болады. «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырының барлық үш «А», «В» және «С» желілерінің жоба­лық өнімділігі жылына 55 млрд. м3 құрайды. Осы газ құ­быры арқылы Қытай бағытына Түрік­менстан, Өзбекстан мен Қазақ­станның газы тасымалданады. Осылайша өзіміздің барлық кө­лік­тік әлеуетімізді пайдалана оты­­рып, біз жаңа экспорттық ба­ғыт­­тар аша білдік. Мұндай стра­тегия әлемдік экономиканың тұ­рақ­­­сыздығы жағдайында да біз­дің инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз етуімізге және жаңа жұмыс орындарын құруымызға мүмкіндік береді. Мәселен, ұзын­дығы 1303 шақырымдық бір ғана «С» желісін салуға 4 мыңнан ас­там маман жұмысқа тартылды», дейді «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев. Оның айтуынша, осы жобаны салу барысында тек 2008-2015 жыл­дар аралығында мемлекеттік бюджетке $1,2 млрд.-тан астам қаржы төленген.

Сонымен, салтанатты оқиғада Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев сөз алып: «Бүгін өте маңызды іс-шараның куәгері болып отырмыз. Осы жоба­лар­дың іске қосылуы ғасырлар бойы эко­номикалық көпір бол­ған Ұлы Жі­бек жолын қайта жаң­ғыр­ту­­­­дың бірден-бір нышаны бо­лып та­­былады», деді. Ол бұл нәти­же­­ге Ел­ба­сының шетелдік инвес­тор­­лар­дың бастамаларына жан-­жақты қол­дау көрсетіп, сенім артуы­ның арқасында қол жет­кізіл­генін де мәлімдеді.

– Қазақстан – Қытай магистралды газ құбыры Қазақстанның, оның ішінде Алматы облысының эко­номикалық-әлеуметтік дамуына, тұрғындардың коммуналдық төлемдерінің азаюына, эколо­гияның жақсаруына септігін тигізеді. Осы құбыр өту үшін 1895 гектар жер телімі берілді, 1300-дей адам жұмыспен қамтылды. 750-ге тарта техника іске қосыл­ды. Алматы облысындағы бұрын газдандырылмаған 476 мың халық тұратын 223 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Жылына облысымызға 3 млрд. 400 миллион текше метр табиғи газ беріледі деп жоспарлануда, – деді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев.

Ал «ҚазТрансГаз» АҚ бас­қар­ма төрағасы Қайрат Шәріпбаев:

– Бұл жоба – Қазақстанның экс­порт­­тық және транзиттік әле­у­е­тін арттыруға мүмкіндік бе­ре­­ді. Қа­рап отырсақ, қазір әлем­де­гі үлкен даудың көбі осы газ, мұ­най сияқты энергиялық қуат көздеріне таласудан туып жатыр. Ал біздер керісінше Тү­рік­­­менстан, Өзбекстан, Қазақ­стан, Қытай қосылып, осы ынты­мақ­тастықтың жұмысын атқардық. Бұл халықтарымызды одан да жа­қындастырады. Әрі біздің еліміз көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесінде де тәуелсіз болуды көздегенбіз. Осы мақсатымызға жетіп отырмыз. Және осы газ құ­бырынан Қазақстанға қыруар пайда түседі, халықтың әл-ауқа­тының жақсаруына септігін тигізеді, – деді.

Осыдан кейін сөз кезегі Қы­тай тарапына ауысып, «TАР­line» компаниясының вице-прези­денті Мэн Фаньчунь бұл жоба өз елі үшін де аса маңызды еке­нін және тарихи күн болып табы­латындығын атады. Шетелдік лауазымды қонақ Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зиденті күнімен шын жүректен құттықтап:

– Бүгінгі үлкен мерекеде Қытай мемлекетінің бас­шысы мен халқының да құт­тық­тауын қабыл алыңыздар. «Қазақ­стан – Қытай» магистралды газ құбыры – стратегиялық жоба. Бұл нысанның жұмысына мем­лекеттеріміздің басшылары мен үкіметтеріміз үлкен назар аударып отырды. 2007 жылы қолға алынған тарихи газ құбырының тартылуына осы жобаға қатысқан елдердің бәрі де көп күш салды. Осы жобаға атсалысқан барлық мердігерлік компанияларға алғыс айтамыз. Дәл бүгін біздер бас айналдырарлық табысқа қол жеткіздік, – деді.

Яғни, жобаға қатысып отыр­ған Қытай тарапы объектіні жос­парланған мерзімінен бұрын тапсырғаны үшін алғыс білдіре отырып, құбыр төсеу және ком­­прессорлық станцияларды тұр­ғызу жөніндегі жұмыстардың сапасын жоғары бағалады.

«Қазақстан – Қытай» магис­трал­ды газ құбыры жалпы ұзын­дығы 7,5 мың шақырым, яғни «Түрікменстан – Өзбекстан – Қа­зақ­стан – Қытай» транс­шекаралық газ құбырының құрам­дас бөлігі болып табылады.