kaztransgas.kz

«ҚазТрансГаз» АҚ Атырауда осындай әдіспен қызмет көрсету орталығын ашты

Әр тұрғынның бақуатты тұрмысы үшін қажеттіліктің бірі – газ. Қазір Атырау облысында да ауданда, әр елді мекенде тұрғындардың «көгілдір отынға» қолжетімділік үлесі артып келеді. Демек, еліміздің әр өңіріне көгілдір отынды үздіксіз және тұрақты жеткізетін «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының жұмысына тұтынушылар сұранысының арта­тындығы дау тудырмайды. Осы­ған орай бұл компания өз тұтыну­шыларына сапалы қызмет көрсетуді жақсартудың қолайлы әдістерін енгізуге талпыныс танытуда. Сондай әдістің бірі – «бір терезе». Осы кезге дейін Шымкент, Қостанай және Тараз қалаларында дәл осы әдіспен халыққа мамандандырылған қызмет көрсету орталығы ашылған екен. Енді Атырау қаласында да бір мезгілде 50 адамға қызмет көрсете алатын жаңа орталық жұмыс істей бастады.

– Мамандандырылған бұл орталық ақпараттық жүйелерді біріктіруге, сонымен бірге, қысқа мерзімде «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи техникамен жабдықталды, – деп атап өтті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының орынбасары Ақылбай Сапаров. – Мақсат – өз тұтынушыларымызға сапалы әрі жылдам қызмет көрсету. Біздің орталыққа хабарласқан тұтынушыларымыз газдандыру үшін қажетті құжаттарды әзірлеу, тұтынылған газ үшін төлем жасауға мүмкіндік беретін жеке есепшот ашу, шарттарды әзірлеу секілді өзге де мәселелері қысқа мерзімде оңтайлы шешілетін болады.

Оның айтуынша, Атырау облысында 113 мыңнан астам абонент табиғи газ желісіне қосылған. Демек, өңірдің 500 мыңға жуық тұрғыны мен мыңдаған кәсіпорын табиғи газдың қызығын көріп отыр. Сол себептен, орталықта тұтынушыларға көрсетілетін қызметтер барынша оңтайландырылады. Орталықта тұтынушыларға арналған күту залы, кеңес беру, құжаттандыру және тіркеу бөлімі, сонымен бірге, дайын құжаттарды беру секторы ашылған. Мұнда тұтынушыға 26 түрлі қызмет көрсетіледі. Мәселен, бұрын тұты­нушы газдандыруға қатысты мәсе­лемен бірнеше мекеменің рұқсатын аралап жүріп алатын болса, енді мұның бәрі «бір терезе» әдісімен осы орталықта шешімін табады. Өйткені, орталықта электронды техникалық құралдар пайдаланылады. Мәселен, құжаттары дайын болған абоненттердің ұялы телефонына смс-хабарлама жіберіледі. Айтқандай, орталықта тұтынушылар үшін ұялы телефонды тегін қуатқа қосу жүйесі бар. Wi-Fi қызметі де тегін көрсетіледі.

– Қазіргі кезде Атырау облысының барлық аудандары, яғни өңір тұрғындарының 98 пайызы табиғи газ желісіне қосылған. Енді өңір орталығынан шалғайдағы Азғыр аймағындағы 9 елді мекенге магистралды және ауылішілік газ желілерін жүргізу жобасы әзірленуде. Соның ішінде таяу күндері Құрманғазы ауданының орталығынан Сүйіндік ауылына дейін газ құбырын тарту жобасы дайын болады, – деді орталықтың ашылуына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев.

Құрманғазы ауданындағы бұл елді мекендерді газдандырудың стратегиялық маңызы бар. Олай деуіміздің мәнісі мынада: Қазақстан – Ресей шекарасына жақын, нақтылай айтқанда, Астрахан облысының Харабалы қаласынан 60 шақырымдай жердегі Балқұдық ауылы мен Құрманғазы ауданының орталығының аралығы 250 шақырымды құрайды. Ал Сүйіндік ауылы 300 шақырымдай қашықта орналасқан. Оның үстіне осы және оларға жақын орналасқан елді мекендерге асфальт жол да жоқ. Бұрынғы көтерме жол әбден тозған. Енді міне, ел мен елдің шекарасында отырған тұрғындардың көгілдір отынның рахатына бөленерміз деген үміті ақталар күн жақындады. Ал «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы жаңадан көгілдір отын тұтынатын тұтынушыларға да үздіксіз әрі сапалы қызмет көрсетуге белді бекем буып отыр.