Егемен Қазақстан

«ҚазТрансГаз» салған спорт ғимаратын сыйға алды

Бұл апта Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Сұраншы ауылының тұрғындары үшін айшықты бас­талды. Көгілдір отын саласының көшбасшысы – «ҚазТрансГаз» АҚ мереке қарсаңында бірегей жобаның құрылысын мәреге жеткізіп, осы ауылға заманауи спорт кешенін сыйға тартты.

Компанияны сауапқа бөлеп, жергілікті халықтың алғысын әпер­ген спорт кешені әйгілі Сұран­шы батырдың да құрметіне арнап салынып, тарихи батырдың атын иемденгенін айта кеткен жөн.

Қалай десек те, соңғы айлар аталмыш компания үшін табыс­ты болып тұр. Таяуда ғана ел тарихындағы ірі газ тасымал­дау жобасын іске қосып, «Қазақ­стан – Қытай» магистралды газ құбырының «С» желісін пай­далануға берген «ҚазТрансГаз» АҚ бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі аясындағы жұмыстарын да біртіндеп абыроймен іске асыруда. Қысқасы, су жаңа спорт ғимаратының құрылысы толық­тай газ саласындағы ұлттық опера­тордың қаржысына салынды.

Компания сыйға тартқан за­мана талабына сай ғимарат Ал­маты облысының өзге елді мекендерінде кездеспейтін бірегей спорт кешені деп айтуға болады. Күрестің барлық түрлеріне арналған ғимаратта спортшылар толыққанды жаттығу өткізіп қана қоймай, мұнда республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүм­кіндік бар.

Өңір жұртшылығы үшін маңызды оқиға санатындағы осынау салтанатта «ҚазТрансГаз Ай­мақ» АҚ бас директорының орынбасары Ақылбай Сапаров:

– Еліміздің басты мерекесі қар­саңында Сұраншы батыр атындағы спорт сарайын ашып отырмыз. Бұл – осы ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға жасалған үлкен сый. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» бен «ҚазТрансГаз» компаниялары Елбасының спортты дамыту жөніндегі саясатына осындай нақты іспен қолдау көрсетуде. Спорт кешені Алатаудың бөкте­ріндегі табиғаты тамаша жерде орналасқан. Оны салу барысында спортшылардың жаттығуларына барынша жағдай тудыру мақ­сатында ең озық технологиялар, экологиялық таза материалдар қолданылды. Былтыр Алматы об­лысының әкімдігімен өзара әріптестік туралы меморандум бе­кіткен едік. Онда көрсетілген мін­деттерімізді орындап, бүгін осы тамаша спорт кешенін аш­қалы тұрмыз. Жетісудан шық­қан қазақтың әйгілі батыры Сұ­раншы есімімен аталған осы Спорт сарайының түлектері де болашақта әлем чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында сайысқа түсіп, Қазақстанның Көк туын биіктерде желбіретеді деген үміттеміз! – деді.

Өз кезегінде Алматыдан арнайы барған БАҚ өкілдері бой кө­терген спорт кешенін көріп, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Қысқасы, алаңсыз спорт­тағы үлкен армандарға қарай қол созуға болады.

Заманауи спорттық және жат­тығу құралдарымен жабдықталған ғимараттың жалпы аумағы 1000 шаршы метрге тең. Ғимаратта соңғы жетістіктерге сай келетін желдеткіш жүйесі, дербес шағын жылыту қазандығы орнатылған. Бұған қоса, кешен ауласында жасанды көгалды кіші-футболға арналған алаң бар.

Бұл – спортпен жаппай шұ­ғылдануды қолдау мен баршаның спортпен айналысуын арттыруға бағытталған мемлекетіміздің стра­тегиялық саясатын қолдауға ком­панияның қосқан үлесі. Осындай спорт кешенінің ашылуы – бо­лашақ ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстанып, еліміздің мық­ты тірегіне айналар нағыз патриот­тары болып өсуіне қазық бо­латын бүгінгі жастарымызды дұ­рыс тәрбиелеу үшін ең қажетті ша­ралардың бірі.

«ҚазТрансГаз» АҚ отандық спорт­тың дамуына үлкен мән беретінін атап өту керек. Қазіргі уақытта Астанада «Жекпе-жек­тер сарайы» спорт кешенінің құры­лысы қарқынды жүріп жатыр. «ҚазТрансГаз» АҚ осы әлеуметтік жобасы да компанияның өз қар­жысына салынуда.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы.