
Қызылорда десе, әзілкештер жел мен ағаш жайлы айтпай кетпейді. Жел дегеніңіз түсінікті. Табиғатының мінезі ғой. Ал тал-дарақтың аз болуының түрлі себеп-салдары бар. Негізінде Сырдың бойында бұрын жиде, сексеуіл, жыңғыл секілді ағаштарыңыз сыңсып өсіп тұратын. Ит мұрыны батпайтын тоғайлар болатын. Осы нудың барлығы отынға жағылды. Алдымен ауыл-аймақтың айналасындағы жылуы мол ағаштар кесілді. Онан соң Бетпақдала мен Қызылдың құмындағы сексеуіл, жыңғылдарыңыз қырқылды. Былайша айтқанда, даланы жалаңаштап алуға өзіміздің де кесіріміз тиді. Бірақ оған ешкімді кінәлай алмайсың. Өйтпесең, қыста қатып қаласың.
Ендігі онжылдықта сол ну тоғайлар қайта қалпына келетін шығар деген үміт бар. Неге? Өйткені, биылдың өзінде Қызылорда облысының төрт аудан орталығына және Байқоңыр қаласына газ жетті. 2017 жылға дейін аймақты түгелдей көгілдір отынмен қамту жоспары тұр. Қазіргі қарқынға қарасақ, жоспардың толық орындалатынына сенесің. Ал осыдан кейін ағаш кесілмейді. Ол дегеніңіз айналасы аз жылдың ішінде дарияның бойы жайқалып шыға келеді деген сөз.
«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ магистралі Қызылорда облысын қиялай өтіп жатыр. Мына игілікті іс осының арқасында жүзеге асып жатқанын айтқанымыз абзал. Бұл үшін Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында меморандум жасалды. Соған сәйкес барлығы 23 миллиард теңге инвестициялық қаражат есебінен 4 аудан орталықтарында, атап айтқанда Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласында автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен квартал ішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілді. Жобада 1300 шақырымдай газ құбыры, 5 автоматтандырылған газ тарату стансасы, 13 газ реттеу пункті және 174 шкафты шеттеу пунктінің құрылысын салу қаралған.
Өткен қазан айында Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттерінде автоматтандырылған газ тарату стансалары іске қосылып, тұрғындарға табиғи газ берді. 5 елді мекен бойынша құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Аталған жобалар жүзеге асқанда облыстың 63 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етіліп, шамамен облыстың 209 мың тұрғыны ілеспе газға қол жеткізетін болады.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округін және Тасбөгет кентін газдандыруға республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 2014-2015 жылдарға жалпы 2,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Тұңғыш Президент күніне орай аталған елдімекендер толықтай көгілдір отынға қосылды.
Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың 10,5 миллиард теңге инвестициялық бағдарламасы арқылы облыстың қалған 3 аудан орталықтары мен Қызылорда қаласындағы газдандырылмай қалған тұрғын үйлерді келер жылы табиғи отынға қосу жоспары бар. Бұдан басқа, 2016 жылға 10 жобаның құрылысына 6,9 миллиард теңге құрайтын республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін тиісті министрліктерге бюджеттік өтінімдер жолданған.
Сондай-ақ, 2016 жылға облыстық бюджет есебінен «Қызылорда қаласындағы Талсуат ауылдық округін және үш әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын газбен жабдықтау» жобасының құрылысын жүргізуге 271 миллион теңге қаржы қарастырылуда.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қызылорда облысы 2017 жылға дейін толық газдандырылып бітеді. Осылайша, қарапайым халық отын жағып, көмір түсіріп, күл шығару секілді күйбең тірліктен арылады.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.