Егемен Қазақстан

2015 жылы Маңғыстау өңірінде атқарылған елеулі жұмыстардың бірі де бірегейі – Бейнеу-Бозой газ құбырының пайдалануға берілуі болды. Бұл Маңғыстау облысының қияндағы Бейнеу ауданы аумағында ашылып, сол киелі өңірдің елеулі оқиғасы саналғанмен, пайдасын облыс аумағынан тыс облыстар, мыңдаған отбасы көретін нағыз игілікті іс болды.

Қазақ даласының жер қойнауы табиғи кен орындарына бай бол­ғанмен, ел тарихында кез болған әртүрлі заман лебіне қарай оны толыққанды игеру, ел кәдесіне жарату ісі шұбалаңдап қалған болатын. Осының кесірінен еліміздің бір­қатар өңірлері күнделікті тұрмыс­тарына өте-мөте қажетті көгілдір отынға қажеттілігін өзге елдер арқылы шешіп келген болатын. Бұл мүмкіндік ол елдермен жүргізілген жылы жүздесу, келісімдердің нәтижесі екені белгілі, әйтсе де қазақ «кісідегінің кілті аспанда» деп бекер айтпаған, яғни өзіңде болғанға не жетсін?!

Мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы аясында бұдан бес жыл бұрын қолға алынған Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральды газ құбырының жалпы ұзындығы 1475 шақырымды құрайды. Ал Бейнеу-Бозой бөлігінің ұзындығы 311 шақырым болса, оның 124 шақырымы Бейнеу ауданының аумағынан тартылған. Алғашқы үш жылда ұзындығы 1143 шақырымды құрайтын, жылдық қуаттылығы 6 млрд. текше метр газ тасымалдау мүмкіндігіне ие Бозой-Шымкент желісі пайдалануға берілсе, қалған Бейнеу-Бозой желісін пайдалануға беру 2016 жылдың көктеміне меже­ленген болатын. Алайда, жұмыс­ты тиянақты ұйымдастыру және қар­қынды жүргізе білген «ҚазТрансГаз» АҚ межені мезгілі­нен бұрын бағындырып, өткен жел­тоқсан айында, дәл тұрғын­дардың көгілдір отынды тұтыну мерзіміне еңсерді. Сондай-ақ, компа­нияның ұтымды іс жүргізудегі инновациялық ше­шімдері магистральдың бастапқы құнынан 150 млрд. теңгеге жуық қаржыны үнемдеуге қол жеткізді. Жалпы, ғасыр жобасының құны 3,6 млрд. долларға бағаланса, оның құрылыс жұмыстарына 90 пайы­­зын өз отан­дастарымыз құ­рай­­т­ын 4 000-ға жуық адам атсалысты.

Аталмыш газ құбырының іске қосылуы арқылы Қызылорда, Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарына, Талдықорған қаласы төңірегіндегі ауылдарға, бар­лығы 577 елді мекенге газ жететін болады. Бұлардың ішінде 230 ауыл Оңтүстік Қазақстан облы­сының аумағындағы елді мекендер, бірқатар ауылдар көгілдір отынға алғаш рет қол жеткізсе, енді біреулері Өзбекстан Республикасы газының тұтынушысы болып келген болатын. Компанияның табыс­ты жүргізіп, сәтті еңсерген бұл жұ­мысы арқылы Қазақстандағы бар­лық магистральды газ құбырлары өзара тоғысып, тасымалдау, жет­кізу, өткізу бағыттары бойынша бір жүйеге біріктірілді. Бұл еліміздің сырттан газ импорттамай, керісінше, өзге елдерге экспорттау мүмкіндігіне жол ашты. Жаңа газ желісі бірқатар мәселелерді шешумен қатар, алдағы уақытта тасымал қуаттылығын арттыру, өзге қалалар тұрғындарының да газға қолжетімділігін арттыру сынды жоспарларды жүзеге асыруға тиімді болып саналады.

Ал Маңғыстау өңірінде газ өндіру қуаттылығы қарқын алып келеді. 2014 жылдың 10 айында 1 млрд. 723 млн. текше метр көле­мінде газ өндірілсе, 2015 жылғы осы мерзім ішінде ол мөлшер 2 млрд. текше метрді құраған.

Отандастарымызды өзгенің кө­гіл­дір отынына тәуелділіктен құт­­қа­рып, өз өнімімізді тұтынуға мүм­­­кіндік берген «Бейнеу – Бозой – Шым­­кент» магистральды газ құ­бы­­ры­­ның іске қосылып, пай­да­ла­­ну­ға бері­­луі 2015 жылғы Қой жы­­­лында ауыз толтырып айтуға тұ­рар­­­лық жа­ңа­­лық болды десек, қате­лес­пейміз.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.