Сыр Бойы

 

Қызылорда облысы әкімдігі мен "ҚазТрансГаз Аймақ” акционерлік қоғамы арасындағы меморандум аясында 2015 жылы облыстағы 7 аудан орталығының 4-уінде - Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттерінде газ тарту жұмыстары аяқталды. Бұл – облыс экономикасына қосымша қуат беріп, халықтың күнделікті өмірін түбегейлі түрде өзгерткен үлкен жаңалық болды. 
    - Тезек пен көмірдің қамы, ыс пен күлдің азабынан құтылған сан мың отбасының тұрмысы жаңа сипат алды деуге болады, - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуінде.
    Көгілдір отынның қызығын көріп отырғандардың бірі Шиелі ауданындағы Көпеновтер әулеті. Бұл отбасы теміржол саласында тер төгіп келеді. Еңбек династиясы атанған әулет телекөпір арқылы байланысқа шығып, атқарылған жұмысқа алғысын білдірді. 
    - Көңілде күпті болып, көптен күткен мәселе шешілді. Шырайлы Шиелі халқы үшін өткен жыл ақ түйенің қарны жарылған жыл болып, жақын арада күтпеген газ келді. Бұл – Біз үшін үлкен қуаныш. Бейнеті бөлек күл шығарып, от көсеген уақыт қалды. Тұрмыс тауқыметі азайып, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды. Бұдан басқа ауданымызда жаңа мектеп салынып, немерелерім сол мектепке барады. Келінім сонда жұмыс істейді. Жолдарға асфальт төселді, ауызсу мәселесі шешілді. Құдық қазып немесе бұлақ жағалаған заман да қалды, қазір ауызсуды үйден ішіп отырмыз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деп міне, осыны айтуға болады, - дейді 80 жастағы қария Дүйсен Көпенов.
    Биыл қалған үш аудан орталығын – Жосалы, Жалағаш және Тереңөзекті, сондай-ақ, Қызылорда қаласының газға қосылмаған тұрғын үйлерін және қала маңындағы елді мекендерді газдандыру жоспарланған. Қазір оған қажетті ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Кезең-кезеңімен басқа да елді мекендерге газ жеткізуге арналған жұмыстар жалғасады.
    Облыс елді мекендерін газдандыру жобасы жаңа жұмыс орындарын, орта арнаулы оқу орындарында осы салаға қажетті бірқатар жаңа мамандықтардың ашылуына мүмкіндік берді.