АиФ

Қызылорда облысын газбен жабдықтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған миллиардтаған инвестиция тартылмақшы, деп хабарлайды BNews.kz тілшісіне сілтеме  жасаған  Kazgazeta.kz.

«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Қызылорда іргесіндегі Тасбөгет және Қызылжарма елді мекендерін газбен жабдықтауға 2014-2015 жылдары республикалық және облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар өткен жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның құны 23 млрд теңге болатын инвестициялық бағдарламасы аясында облыстың төрт аудан орталығы мен Байқоңыр қаласы газ құбырына жалғанып, облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту 63%-ға жеткізілді», – деді БАҚ өкілдеріне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.+

Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметтері бойынша, биыл сомасы 10,5 млрд теңгенің инвестициялық жобасын іске асыру аясында Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек және Қызылорда маңындағы бірнеше елді мекен газ желісіне қосылады.

«Талсуат ауылы мен үш әлеуметтік нысанды газбен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен қосымша 271,2 млн теңге бөлінді», – деп әкім нақтылай кетті.

«Қызылордада соңғы бес жылда жеті мыңға жуық үй көгілдір отынға қосылды. Үлкен кәсіпорындар, ШОБ нысандары біртіндеп газ отынына көшіріліп жатыр. Аймақ тек өзінде өндірілетін газға тәуелді болмайды. Қызылорданың газ желісі «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ желісіне қосылған. Осылайша, қыс мезгілінде орын алатын отын тапшылығы жойылып, қаланы газбен қамту тұрақтанды», – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ директорының бірінші орынбасары Қайнар Нұрлыбаев.