АиФ

Астанада Еуропа қайта құру және даму банкi қол қойған жобаларды инвестициялау бойынша құжаттардың жалпы сомасы 380 млн доллардан асады, деп мәлімдеді Еуропа қайта құру және даму банкі президенті Сума Чакрабарти Астанадағы баспасөз брифингінде. Бұл туралы zakon.kz,primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, Еуропа қайта құру және даму банкі Шығыс Қазақстан облысы және Қостанай облысы әкімдігімен, сондай-ақ ҚазТрансГаз Аймақ, Интергаз Орталық Азия және ФудМастермен жобаларды жүзеге асыруға бірқатар келісімге қол қойды.

«Бүгiн біз бiрқатар маңызды келiсiмдерге қол қойдық. Бұл жобалар Еуропа қайта құру және даму банкi мен Қазақстан арасындағы серiктестiк аясында жүзеге асырылады. Өткен жылы бiз 800 млн долларға жуық қаражат инвестицияладық. Биылғы жылы да осындай жоғары көрсеткiшке қол жеткiзудi көздеп отырмыз. Бүгiн қол қойылған келiсiмдер осы жоспардың бiр бөлiгi болып табылады. Тағы бiр жоба Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы газ тарату желiлерiн жаңғыртып, жаңаларын салуға бағытталған. Бұдан бөлек, банк тамақ өнеркәсiбi секторындағы жаңа жобаны қаржыландырады. Бұл жобалардың жалпы құны 380 млн доллардан асады», - деді С,Чакрабарти.

Оның айтуынша, ЕҚҚДБ-нің Қазақстанға салған инвестицияларының жалпы құны бүгiнгi таңда 7 млрд доллардан асады.

«Қазiргi уақытта Қазақстан 36 мемлекеттiң арасында бiздiң төртiншi iрi нарығымыз болып отыр. Инвестициялардың денi елде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен инновациялардың арқасында мүмкiн болды. Борыштың бiр бөлiгi теңгемен берiлсе, тағы бiр бөлiгi Ұлттық банкпен жасалған келiсiм және қазақстандық валютадағы бағалы қағаздар шығару арқылы жүзеге асырылады», - деді ЕҚҚДБ басшысы.

Баспасөз брифингінде айтып өтілгендей, қарыздардың бір бөлігі ҚР Ұлттық банкінің сәйкес келісімі арқылы теңге түрінде, сондай-ақ облигациялар шығару арқылы беріледі.